05 Қазан, 2017

Елімізде Финляндиянің экологиялық мониторинг стансасы құрылғылары іске қосылуы мүмкін

389 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«ЭКСПО-2017» көрмесінде Финляндия павильонында ұсынылған экологиялық мониторингтің инновациялық стансасы құрылғылары елімізде іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы осы тақырыпта Үкіметтің баспасөз орталығында арнайы ұйымдастырылған брифингте айтылды.

Елімізде Финляндиянің экологиялық мониторинг стансасы құрылғылары іске қосылуы мүмкін

 Аталған инновациялық құрылғыларды «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қолданысқа енгізбек. Осыған байланысты баспасөз мәслихатында «Қазгидромет» РМК лабораториясының басшысы Дана Аманбаева финдік ноухаудың мән-жайын айтып берді.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Қазгидрометтің финдік әріптесі AQT-420 атмосфералық ауа сапасының автоматты датчигіне таныстырылым жасаған болатын. Ол автоматтық режимде концентрацияны өлшеуді азот диоксиді, көміртек оксиді, күкірт диоксиді, озон, өлшенген бөлшектер РМ 2,5 және РМ-10 сияқты алты ластауыш зат арқылы іске асырады. Ал осындай құрылғының біреуі биыл Астана қаласындағы ауа сапасын бақылау автоматты постарының біріне алғашқы сынақтан өткізу үшін орнатылған. Яғни, финдермен өндірілген Vaisala датчигі еліміздің жағдайына бейімделуді тексеру және қазіргі уақытта ауа сапасының мониторингісі үшін пайдаланылатын рессейлік өндіріс құралдарымен мәліметтерді салыстыруды жүргізу үшін жұмыс істеп тұр.

«Датчиктер шағын көлемде, мобильді, қаланың кез келген нүктесінде оңай орналасады. Мысалы, бағандарға, дуал немесе ғимараттың шатырына да орналастыру мүмкіндігі бар. Сондықтан жеке жер телімін бөлудің қажеті жоқ. Бұдан басқа, датчик жоғарғы дәлдікке ие, ағаттық 1-3 пайызды құрайды. Бұл жақсы көрсеткіш», деді Д.Аманбаева. Сонымен қатар ол энергияны көп шығындамайтынын, энергияны күн панелінің арқасында алатынын жеткізді. «Сондай-ақ біз үшін ауа сапасының датчиктеріне қосымша метеорологиялық параметрлердің қосымша жиынтығын алу маңызды, өйткені ластануды анықтауда бағытты, желдің жылдамдығын, және басқа да қоршаған орта параметрлерін білу қажет», деді ол. Сынақ өткізу барысында құрылығының кейбір жетімсіз тұстары да байқалған екен. Яғни, құрылғының қазіргі құрылымында үлкен қалалардың атмосфералық ауасын бақылау үшін маңызды компоненттер – азот оксиді және күкіртті сутекті анықтау мүмкіндігі жоқ. Бірақ құрылғыны жасап отырған компания біздің ескертпелерімізді назарға алып, оны қосымша қызметтермен толықтыруға уәде беріпті. Сөйтіп Vaisala компаниясы 2017 жылдың аяғына дейін осы сенсорлардың жасауын аяқтауды жоспарлауда.

«Қазгидромет» РМК лабораториясының басшысы жүргізілген талдаулардың қорытындысы бойынша болашақта «Қазгидромет» РМК экологиялық мониторингісі жүйесінде орнатылған газ анализаторы және Vaisala датчиктерінің көрсеткіштерін салыстыру нәтижелері жарияланатынын да жеткізді.

Энергетика министрлігі «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны атмосфералық ауаның жай-күйіне бақылауды республиканың ірі қалалары мен өнеркәсіп орталықтарында жүргізеді. Қазіргі уақытта атмосфералық ауаны бақылау 49 елді мекендегі 146 бақылау бекетінде жүргізіледі. Оның 56-сы сынамаларды қолмен іріктейтін, ал 90-ы автоматты бекеттер. Сондай-ақ бақылау 14 жылжымалы зертханалардың көмегімен жүзеге асырылады.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»